“Депутат” энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Күні кеше Астана қаласындағы Республикалық Ұлттық Академиялық кітапханада Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәслихаттарының 25 жылдығына орай республикалық деңгейде жарық көрген “Депутат” энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.
Бұл жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары: Бақытжан Жұмағұлов, Сауытбек Абдрахманов, Бақытжан Ертаев, Кәрібай Мұсырман, Ольга Шишигина, Бақытгүл Хаменова және Сәкен Қаныбеков қатысты. Сондай-ақ, аталмыш жиында облыстық, қалалық, аудандық мәслихат хатшылары мен депутаттары да болды.

«Энциклопедияның салмағы 3 келіні құраса, парақ саны 600 беттен тұрады. Еліміздегі барлық деңгейдегі 3370 депутат туралы ақпарат енген бұл тарихи кітап 5 бөлімді қамтиды. Атап айтар болсақ: І бөлім Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты, ІІ бөлім Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі, ІІІ бөлім Бас қалалар мәслихаты, IV бөлім Облыс және облыс орталықтарының мәслихаттары, V бөлім Қалалық және аудандық мәслихаттар.

Республика бойынша барлық депутаттардың басын қосып, 3370 депутатты бір кітапқа сыйғызу біз үшін үлкен жауапкершілікті талап еткен ауыр жоба болды. Кітап республикалық «Біздің депутат» газетінің қаражатымен және Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Ноғайбай» ЖШС-ның директоры, меценат Алтынбек Сапаровтың демеушілігімен жарыққа шықты», – дейді автор Эльмира Усенқызы Сегизбаева.

«Бұл кітап әрбір депутаттың төрінен орын алып, ұрпақтан ұрпаққа тарих болып жалғасатыны сөзсіз. Парламент депутаттарынан бастап аудандық деңгейдегі депутаттарға дейін толық енген кітап халық қалаулыларының мәртебесін көкке көтерді. Республикамызда алғашқы рет басылып отырған «Депутат» энциклопедиясының автордың өз қаражатына басылып шығуы бүгінгі жастардың сан қырлы жетістігінің дәлелі», – деді бірауыздан Парламент депутаттары.